Үкіметте премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Кеңеске қатысушылар жаңа білім ордаларын жобалау және салу, оларды заманауи жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру, мемлекеттік сараптама жүргізу секілді мәселелерді талқылады. Бүгінде 217 мектеп бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Жалпы 2026 жылға дейін ұлттық жоба аясында 740 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 369 мектеп салу көзделген. Үкімет басшысының айтуынша, уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдар жұмыстардың орындалу сапасын мұқият қадағалап, нысандардың бағасын негізсіз көтеруге жол бермеуге тиіс. Мектептерді белгіленген мерзімде тапсыру қажет.