Мақтаарал ауданында мемлекет қайраткері Қосман Айтмұхаметовтің ескерткіш-бюсті ашылды. Саналы ғұмырын еліміздің көркеюіне және облыстың жандануына арнаған аптал азамат былтыр 57 жасқа қараған шағында дүниеден озған еді. Қосман Қайыртайұлы облыс орталығы Түркістан қаласын өркендетуге де белсене атсалысты. Сондай-ақ Арыс қаласын қайта қалпына келтіру, Мақтаарал ауданында тасқын судан зардап шекккен елді мекендердің қайта бой түзеуі бағытында да нағыз қайраткерге тән еңбек етті. Елдің ұлы ұлықталған іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Қосман Қайыртайұлының анасы, бауырлары, әріптестері мен Мақтаарал ауданының тұрғындары қатысып, әсерлі естеліктер айтты.