Пәндік олимпиада жарысына барар жолда жол апатына ұшыраған оқушылар мен мұғалім көлігіне байланысты тың деректер анықталды. Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан балаларды тасымалдауда қауіпсіздік шараларын сақтамау ықтималдығы бар екендігін айтады. Ереже бойынша оқушылар іс-шараға барар жолда полиция қызметкерлерінің қадағалауымен жүруі керек. Ал оған тапсырыс 3 күн ішінде беріледі. Жайық Сұлтанның айтуынша, Жаныс би ауылынан олимпиадаға он бала баруы керек болған. Оларды апаратын екі көлік мектеп тарапынан ішкі істер бөліміне ұсынылған. Екі көлік полицияның қадағалауымен аудан орталығына жеткізілген. Ал апатқа ұшырған балалар мен мұғалім басқа көлікпен шығып кеткен. Енді қайғылы жайтқа байланысты аталған дерек бойынша Қылмыстық Кодекстің 345-ші бабы, 4-ші бөлігі бойынша іс қозғалды. Екінші іс Қылмыстық Кодекстің 141-ші бабы бойынша қозғалды.