Түркістан облысы аумағында жолда қалып қойған азаматтарға арналған жедел желі іске қосылды. Екі күннен бері тоқтамай азынап тұрған боран біраз жұртты әбігерге салды. Өткен тәуліктің өзінде құтқарушылар жолда адасып кеткен 287 адамды құтқарған, оның 30-ы балалар. Сол себептен төтеншеліктер қолайсыз ауа-райында және қараңғы уақытта ұзақ жолға шықпау керектігін ескертеді. Ал егер шұғыл себептермен қала сыртына шығу керек болған жағдайда «Дармен» мобильді қосымшасынан жолдардың сол сәттегі жай-күйін білуге болатынын ескертеді. Айта кетейік, қазіргі таңда облыста 1 республикалық, 10 облыстық жол жабық.