Түлкібас ауданы, Шақпақ баба елді мекенінде қатты боран салдарынан 50-ге жуық жүк көлігі мен 40 жеңіл көлік жолда қалды. Жолаушылар мен жүргізушілер жергілікті әкімдік тарапынан мешіт пен мәдениет үйіне жеткізіліп, оларға ыстық тамақ берілді. Күн райына байланысты көлік министрлігі Түркістан және Жамбыл облыстарында жедел штаб құрды. Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллиннің айтуынша, жол тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Алайда, боран мен секундына 43 метрге жететін жел жұмысшыларға қатты кедергі келтіріп жатса керек.