Ауа райының қолайсыздығына байланысты еліміздің бірнеше өңірінде мектептерде сабақ тоқтатылды – балалар қашықтан оқу форматына ауыстырылды. Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдралин Instagram парақшасында мектепалды даярлық топтарындағы, сондай-ақ бірінші ауысымда оқитын 1-11 сынып оқушылары бүгін онлайн оқитынын хабарлады. Айтуынша, қалада ауа температурасы -20 градусқа жетіп, жел 14-20 м/с-қа дейін күшейген. Сондай-ақ қаланың ішіндегі жолдар көктайғақ. Абай облысы әкімдігінің өкілдері де ведомствоның Telegram арнасында ауа райының қолайсыздығына байланысты бүгін, 7 желтоқсанда Көкпекті және Бородулиха аудандарында 1-11 сынып оқушылары үшін сабақ қашықтан өтетінін ескертті.