Сәбиін сатпақ болған аналар құрықталды. «STOP-трафик» операциясы аясында 24 жастағы алматылық келіншек әлеуметтік желіге балаcын сататыны туралы хабарлама жариялаған. Іле-шала оған перзент сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптылар хабарласқанда, оларға баланың бағасы есебінен несиесін жауып беруді ұсынған. Дәл осындай жағдай Шымкент қаласында да болған. 23 жастағы келіншек өз баласын 45 жастағы делдал арқылы сатпақ болған. Қос күдікті ұсталып, олардың ісі «Кәмелетке толмағандар саудасы» бабы бойынша тіркелді. Бүгінде олар қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қос келіншек те бұл іске кезінде алған несиесін жабу үшін барғандарын айтқан. Айта кетсек, аталған жағдай себеп болып «STOP-трафик» операциясы басталған. Оның барысында осыған ұқсас 39 қылмыс анықталды. Соның ішінде ағза саудалауға қатысты 1 қылмыс, өз еркінен тыс жұмысқа жегуге қатысты 3 оқиға тіркеліп, тағы сол сияқты адам саудасына, жезөкшелікпен айналысуға, притон ұстауға және жеңгетайлықпен айналысқан адамдарға қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалған.