Елімізде жалпыға бірдей декларацияның екінші кезеңі аяқталды. Жыл басынан бері мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері және олардың жұбайлары мүлкін жария ету науқанына қатысқан болатын. Елімізде 2 млнға жуық азамат табысы туралы ақпарат берсе, оның 300 мыңы - Түркістан облысының тұрғыны. Ал өңірде салықтан жалтарып кеткен 20 азамат бар. Оларға бірінші рет ескерту жасалады, одан кейін салық кодексіне сәйкес әкімшілік жаза қолданылады. Ал 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларацияның 3-ші кезеңі басталады. Ол бойынша заңды тұлғалардың басшысы мен жеке кәсіпкерлер мүлкін жария етіп, табысын растайды. Осылайша, 2025 жылға дейін еліміздің барлық азаматтары табысы мен мүлкі туралы толықтай ақпарат беруге тиіс.