Қазақстан бойынша суармалы алқаптардың 60 пайызы оңтүстік өңірлерде. Бұл жақтың халқы тіршілік нәрін үлкен өзен - Сырдариядан алады. Президент жарлығымен жаңадан құрылған республиканың су ресурстары және ирригация министрлігі шаруалардың келесі маусымда сусыз қалмауы үшін көршілес елдермен келісім жасап жатыр. «Байтақ» жасылдар партиясының бастамасымен мәслихат өткізген жаңа министрлік өкілі жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Айтуынша, Арал теңізі мүлдем тартылып қалмауы үшін Сырдария мен Әмударияның суы азаймауы тиіс. Осы орайда өзбек және тәжік көршілермен нақты келісім бар. Айырқалпақты ағайынмен де Тоқтағұл су қоймасы бойынша келісім жасалған. Біз жазда су аламыз, орнына электр энергиясын береміз. Су ресурстарын саралайтын су жаңа министрлік Ертіс, Іле сынды үлкен өзендер бастау алатын Қытаймен де келісім жүргізіп жатыр. Балқаш батпақ боп қалмас үшін қажетті су алу, су бөлу бойынша мәміле бар. Бірақ судың басында отырғандардың бәсі қашан да жоғары.