Түркістан облысындағы тағы бір ауылға газ берілді. Енді Отырар ауданындағы Қарғалы елді мекенінің тұрғындары көмірдің орнына көгілдір отынды тұтынады. Ауылды газбен жабдықтау жүйесінің құрылысы 2021 жылы басталған. Оған республикалық бюджеттен 192,88 млн. теңге бөлініпті. Халықтың қуанышын бөлісуге арнайы барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтап, пікірлесті. Өз сөзінде өңір басшысы ауыл-аймақ тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және инфрақұрылымды жақсарту бағытында бірқатар жобалар қолға алынғанын сөз етті. Айта кетейік, Шәуілдір елді мекеніне дейін 51,4 шақырым газ құбыры тартылған. Автоматтандырылған газ тарату станциясы арқылы 34 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етіледі.