Бүгін Астанада тәуелсіз түркі мемлекеттерінің басшылары бас қосты. Биылғы Түркі мемлекеттері ұйымы басшыларының мерейтойлық саммитін ұйымдастыру Қазақстанның еншісінде. Ауқымды шараға ұйымға мүше мемлекеттер – Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан басшылары қатысып жатыр. Сондай-ақ саммит жұмысына Мажарстан мен Түрікменстан бақылаушы ел ретінде қатысуда. Саммитте мемлекет басшылары бірқатар маңызды мәселе жайлы шешім қабылдауы мүмкін. Экономика, сауда, көлік және кеден салаларындағы жобаларды пысықтауға қатысты құжаттарға қол қойылуы да бек мүмкін екен. Әрі ұйым төрағалығы Өзбекстаннан Қазақстанға тапсырылады.