Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президенті Эмманюэль Макронды Ақордада күтіп алды. Мәртебелі мейманның сапарына орай салтанатты рәсімдер залында Құрмет қарауылы сап түзеді. Макрон Қазақстанға ел Президентінің шақыруымен келіп отыр. Кездесу аясында екі ел басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқыламақ. Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға былтыр жасаған ресми сапары кезінде 35 құжатқа қол қойылған болатын.