Республика күні қарсаңында Президенттің жарлығымен елімізде түрлі салада елеулі еңбек етіп жүрген бірқатар азамат марапатталды. Белгілі ғалымдарға, мәдениет және білім қайраткерлеріне, өндірістік сала өкілдеріне «Парасат» ордені берілді. Жазушы Төлен Әбдікұлы, Смағұл Елубаев, Бексұлтан Нұржекеев, Софы Сматаевқа “Қазақстанның халық жазушысы” атағы берілді. Ал «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағын әнші Димаш Құдайберген, Рамазан Стамғазиев, Айгүл Үлкенбаева, актер Дулыға Ақмолда алды. Жалпы биыл мемлекеттік наградаларды тағайындауда қарапайым азаматтарға басымдық берілген. Олардың арасында 298 ұстаз, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, 200-ден астам ауыл шаруашылығы маманы, 119 еңбек ардагері және өндіріс саласының 90-ға жуық жұмысшысы бар.