Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдағы ресми сапары барысында өзі білім алған Бейжің Тіл және мәдениет университетінің аумағында орта ғасырлық философ, ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабиге арналған бюстті салтанатты түрде ашу рәсіміне қатысты. Салтанатты шараға ҚХР білім министрінің орынбасары, Мемлекет басшысына сабақ берген университет профессоры мен мүсін авторы да қатысты. Президент ең алдымен, Әл-Фарабидің әлемдік өркениетке қосқан зор үлесіне айрықша тоқталды. Ұлы ойшылдың мұрасы білім ордасында жан-жақты зерттелетініне, сол арқылы мәдени байланыстарымыз нығая түсетініне сенім білдірді. Сондай-ақ ғұлама ғалымның еңбектері әрдайым өзекті, мән-мағынасын жоғалтпайтынын атап өтті. Және осы бастамаға қолдау білдіргендерге өз ризашылығын білдірді.