Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Нью-Йорк қаласына барды. Сапар аясында президент ірі компаниялар басшыларымен кездесті. Нақтырақ айтар болсақ, Wabtec компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Рафаэль Сантананы қабылдады. Кездесуде Қазақстанның теміржол саласын жаңғырту перспективалары талқыланды. Сондай-ақ, Citigroup компаниясының бас атқарушы директоры Джейн Фрейзермен де кездесу өткізді. Жиын нәтижесі бойынша, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен Citibank арасында Wabtec локомотивтерін сатып алуды қаржыландырудың негізгі шарттары туралы келісімге қол қойылды. Айта кетейік, сапар барысында Президент БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының Жалпы дебатында сөз сөйлейді. Сондай-ақ «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қатысады деп жоспарланып отыр.