Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Алматы облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында президент «Батыл тойтарыс – 2023» әскери оқу-жаттығу жиынына қатысты. Оған Қазақстан қорғаныс күштерінің 2 мыңнан астам әскері қатыстырылды, 600-ден астам түрлі техника әкелінді. Оқу-жаттығу сценарийі бойынша қазақстандық әскер Іле өзенінің қарсы бетіндегі қарулы қарсыласқа тойтарыс беруі керек. Ол үшін әуе-шабуыл әскері, құрлық әскері мен арнайы операция күштері жұмылдырылды. Шараны Мемлекет басшысы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бақылап отырды. Жаудың бетін қайтару үшін жауынгерлер жерден де, әуеден де соққы берді. Сондай-ақ бүгін оқу-жаттығу барысында алғаш рет 4 ұшақтан салмағы 2,5 тонна жүк бір мезетте түсірілді. Президенттің пікірінше, біздің әскеріміз кәсіби деңгейі жоғары, ұтқыр және ең күрделі жауынгерлік тапсырмаларды орындауға дайын болуы қажет.