Түркістан облысы, Жетісай ауданында жеке инвестор есебінен заманауи медициналық орталық салынады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды инвесторлармен кездесіп, жаңа жобаны жүзеге асыру жолдарын талқылады. 3 гектар жерге салынатын емхана мен көпбейінді реабилитациялық орталық 800 келушіге арналған. Жоба құны – 7 миллиард теңге. Қос қабатты емханада диагностикалық орталық орналасады. Жалпы аумағы - 5 мың шаршы метр, 96 төсек-орынға лайықталған физиотерапия, онкология, кардиология, инсульт орталығы, жарақат бөлімшелері ашылады. 200 адам жұмыспен қамтылады, оның 50-і бейінді дәрігерлер. Көпсалалы кешен ашу Келес, Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарының халқына заманауи медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.