Келес ауданы тұрғындарымен кездесуге келген сапарында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды халықты су тасқыны мен селден қорғау шараларын жіті бақылап, апаттың алдын алу жұмыстарын пысықтады. Себебі жыл сайын көктем, күз айларында нөсер жаңбыр мен қардың еруінен Келес өзенінен тасыған су маңайдағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мен жеке тұрғын үй секторларына қауіп төндіреді. Қазір онда арна түзету және жаға бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Ақтөбе ауылдық округінің Жуантөбе елді мекенінен бастау алған өзенінің 12 жерінен су арнасын бұру жұмыстары қалай жүріп жатқанын көру үшін өңір басшысы арнайы келді. Ауқымды жұмыстармен танысқан Дархан Сатыбалды маңызды нысандағы құрылыстың сапасына аса назар аударуды тапсырды. Бүгінгі таңда Қошқарата ауылдық округінің Ұшқын, Мақташы ауылдары мен Бірлесу ауылдық округіндегі 28 Гвардия және Абай ауылы аумағындағы Келес өзеніне құятын арықты қайта қалпына келтіру және түзету жұмыстары атқарылуда.