Түркістан облысы Отырар ауданына ауқымды инвестициялар тартылып, ірі жобаларды іске асыру жоспарланған. Солардың бірі – күннен қуат өндіретін станция. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бабаларымыздың кіндік қаны тамып, өркениеттің ордасы атанған осы өлке тұрғындарымен кездесуінде осындай ақжолтай хабар айтты. Бүгінде «Күн электр энергиясын өндіру» бойынша «Arm Wind» компаниясының құрылысы басталып кеткен. Жалпы құны 12,5 млрд. теңге болатын нысан осы жылдың қазан айында пайдалануға беріледі деді өңір басшысы.