Алматыда кеше болған қанды оқиғаға қатысты жаңа мәлімет жарияланды. Қарулы қақтығыстан қаза тапқандардың бірі сол үйдің жаңа иесі екендігі анықталыпты. Ал барлық қаза тапқан азаматтарға қалалық әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, ажал құшқан полицейлердің отбасына пәтер берілетін болды. Қазір осы жантүршігерлік оқиғаға қатысты қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі бойынша іс қозғалған. Күдікті 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Айта кетсем, бес адамға оқ атқан тұрғын бірнеше жыл бұрын үйін банкке кепілге қойып, несие алған. Алайда, қарызын төлей алмағандықтан, мүлік қаржы ұйымының меншігіне өтіп, өзге адамға сатылған. Ал мамандар үйді босату туралы қаулыны үйдің бұрынғы иесіне таныстырғаннан кейін, ол үйінен мылтығын алып шығып, бірнеше рет оқ жаудырған. Дегенмен, полицейлер оған қарсы қару қолданбаған.