Түркістан облысында мақта өсіру үшін қытайлық ауылшаруашылық технологиялары енгізілмек. Автоматтандырылған заманауи технология «ақ алтынды» егіп, теруге дейін өзі атқарады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қытайлық «Peng Sheng Group» басшыларымен кездесті. Компания көрші Өзбекстан елінде бірнеше ірі жобаларды сәтті жүзеге асыруда. Бірегей жобаны облыстың оңтүстік аудандарында іске асыруды көздеген қытайлық инвесторлар мақта сапасы мен көлемінің едәуір артатынына сенімді. Ол үшін тамшылатып суару жүйесі құрылғылары орнатылады. Жоба құны 46 миллион АҚШ долларын құрайды. Тараптар мақта егуге арналған жер бөлу мәселесін талқыланды.