Қарағанды облысының таулы-орманды жоталарда өрт шықты. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тілсіз жауды ауыздықтауға тікұшақ пайдалануда. Жалпы өрт шалған аумақ 150 гектарды құрайды, соның шамамен 120 гектарында жалын сөндірілген. Әуе техникасының көмегімен 80 тоннаға жуық су төгілген. Оқиға орнында 114 адам мен 120 техника жұмыс істеп жатыр. Бұл өлке таулы-орманды болғандықтан жалын өршіген аумақтарға жедел жету, өшіру жұмыстары қиынға соғуда. Сондықтан бүгін Қарағандыдан қосымша 5 техника мен 22 адам көмекке жіберілді.