Таразда жеңіл көлік жүргізушісі аялдамада тұрған бір топ адамды қағып кетті. Оқиға орнында екі тұрғын қаза тауып, тағы екеуі қалалық №1 ауруханаға жеткізілді. Жантүршігерлік апат бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Онда автобус күтіп тұрған адамдарды жоғары жылдамдықпен келген жеңіл көлік қағып кеткені көрінеді. Олардың біреуі бірнеше метр жерге ұшып кеткен. Марқұмдар жедел-жәрдем көлігі жеткенше қайтыс болған. Ал ауруханаға жеткізілген жолаушылардың бірінің жарақаты жеңіл. Дәрігерлердің айтуынша, екінші науқастың жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр, миы шайқалған, қабырғасы, жамбасы сынған. Күдікті апат болған соң оқиға орнынан қашып кетіпті. Іздестіру кезінде полиция қызметкерлері 23 жастағы Тараз қаласының тұрғынын ұстады. Қазір оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, жауап алынуда.