Бір апта бұрын мәжілістің сегізінші шақырылымының депутаттары демалысқа кеткен еді. Олар бұл уақытта өзіне дауыс берген аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып, ел-жұртпен жүздеседі. Осы ретте Түркістан облысынан сайланған халық қалаулысы Ұласбек Сәдібеков екі ауданның тұрғындарымен кездесті. Маңызды деген нысандарды аралады. Кездесуде көтерілген көкейтесті мәселелер турасында тілшіміз баяндасын. Мәжіліс депутаты әуелі Сырлы Созаққа табан тіреді. Аудан орталығы Шолаққорғанда өткен қабылдауға алыс-жақын ауылдардан келгендер біршама. Олардың талап-тілегі тікелей білім мен денсаулыққа, әлеуметтік салаларға байланысты. Жергілікті мәслихат депутаттары да осы сәтті пайдаланып ел ішіндегі ең маңызды мәселелерді жеткізді. Соның бірі – ағын судың тапшылығы. Егінмен енді ғана айналысып келе жатқан өңірдің жұрты су тапшылығы бүйірден қыса ма деп алаңдайды.
ЖӘДІГЕР АМАНГЕЛДІҰЛЫ СОЗАҚ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ
Ертең уран таусылса күніміз ауыл шаруашылығына қарайды. Жағдай бар кезде неге су мәселесін реттеп алмаймыз. Сол жерде тұратын халыққа обал емес пе? Менің өзімде 30 гектар жер бар. Су болатын болса бір орымнан 10 млн. теңге табыс табамын. Ал, егер су болса оны 3 оруға мүмкіндік бар. Халық қалаулысы негізгі күнкөрісі төрт түлікке қараған жұртты толық түсінетінін жеткізді. Сондықтан Теріскейге тамызда келіп, тағы бір кездесу өткізетінін де айтты.
ҰЛАСБЕК СӘДІБЕКОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
Мен ертең тамызда екінші айналымда келемін, біз сол жерге тиісті адамдарды жинайықшы. Ауыл шаруашылығынан шақырайық, водный комитеттен шақырайық. Соны басында отырып сөйлесейік. Не істеуге болады. Малды бағу үшін жем керек. Жем үшін су керек. Кездесуден соң мәжілісмен орталық емханаға ат басын бұрды. Теріскейдің 58 мың тұрғынына қызмет көрсететін медициналық нысанның ішінде адам ығы-жығы. Ұласбек Сәдібекұлы тұрғындармен тілдесіп, қызмет көрсету сапасын бақылады. Қоғамдық қабылдау одан соң Бәйдібек ауданында жалғасты. Аядай ғимараттың ішінде көкейдегі мәселесін жеткізуге келгендердің қарасы қалың. Тұрғындар түйткілдердің түйінін тарқатуға Сәдібекұлы сеп боларына үмітті. Өйткені, халық қалаулысы - Алғабастың ауасын жұтып, суын ішіп өскен азамат. Осы өңірдің тумасы, қала берді кезінде осы аймақтың басшылық тізгінін ұстаған. Ауданның негізгі мәселелерін жыға таниды. Кездесуге келген Шыбыт ауылының ақсақалдары бірден 3 мәселені жеткізді.
ТӘШКЕНБЕК БИНАЗАРОВ ШЫБЫТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Ұласбек Сәдібекұлының қабылдауында болдық. 3 проблеманы айттық. Тиісті органдарға тапсырма берілді. 2024 жылы жаңа мектеп салынады. Қабылдауда айтылған өтініштер енді мәжіліс депутатының тікелей бақылауында болмақ. Іс-сапар Сайрам ауданында жалғасын табады.