Үш жыл сайын келетін Президенттік жастар кадр резерві іріктеуіне құжат қабылдау басталды. Оған жоғары білімді, еңбек өтілі 5 жылдан кем емес, мемлекеттік тілді білетінін растайтын сертификаты бар 35 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. 1 қыркүйектен басталған жобаға pkrezerv.gov.kz платформасы арқылы екі күннің ішінде 1251 өтінім келіп түскен. Енді сол үміткерлер кезең-кезеңмен тест тапсырады. Нәтижесі желтоқсан айында шығады. Айта кету керек, алғаш 2019 жылы басталған жобаның бірінші науқанында 10 мың үміткер бақ сынап, содан іріктеліп алған 300 жас маман түрлі қызметке жұмысқа тұрған болатын. Соның 19-ы осы Түркістан облысының азаматтары. Ал биылғы екінші науқанның бір ерекшелігі қазақ тіліндегі тест нұсқасының қосылғандығы. Ал екіншісі – бұл жолы 300 емес, небәрі 50 маман іріктеліп алынады. Резервте болу мерзімі 3 жыл. Осы уақыт аралығында оларға мемлекеттік органдарға жұмысқа тұруға мүмкіндік беріледі.