Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Федералды Президентін әуежайдан шығарып салып, жылы қоштасты. Айта кетейік, Франк-Вальтер Штайнмайер елімізге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен келген болатын. Аса мәртебелі мейманды Астана әуежайында Премьер-министр Әлихан Смайылов қарсы алды. Сапар аясында екі мемлекет басшылары Қазақстан-Германия стратегиялық серіктестігін нығайту мәселелері бойынша келіссөз жүргізіп, бірқатар екіжақты құжатқа қол қойды. Германияның Федералды Президентінің мемлекеттік сапары бұдан әрі Маңғыстау облысында жалғасады. Онда Қазақстан-Германия инженерлік институтының ашылуына және Svevind швед-герман компаниясының жасыл сутегі өндіретін зауытында сынама бұрғылау жұмыстарын іске қосу рәсіміне қатысады деп күтілуде.