"Ұлттық құрылтай бұл – арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған". Президент Қасым Жомарт Тоқаев Түркістанда өтіп жатқан алқалы жиында осылай сөз бастады. Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Түркістанда құрылтайдың негізгі отырысы басталды. Мемлекет басшысы құрылтайдың екінші отырысы еліміздегі қайғылы оқиғадан кейін өтіп жатқанын айтты. Абай облысында алапат өрт шығып, азаматтарымыз қаза тапты. Мұндай оқиғадан сабақ алуымыз керектігін Президент тағы да еске салды.