Түркістанға әлі 10 мектеп жетпейді. Себебі рухани Астана облыс орталығы мәртебесіне ие болғалы тұрғындар саны 30 мыңға өскен. Аймақта демографиялық көрсеткіш те жоғары. Қазір Түркістанда 32 мемлекеттік, 10 жекеменшік мектеп бар. Өткен оқу жылында қалада 45 мың бала білім алды. Биыл мектепке барған оқушылар саны былтырғымен салыстырғанда әлде қайда көп. Ал, жаңа оқу жылында шаһарда 2 мектеп есігін айқара ашты. Жыл соңына дейін әлі әкімшілік-іскерлік орталыққа 5 мың отбасы қоныстанады деп күтілуде. Демек, тұрғындар саны тағы арта түседі. Бұл жағдай «Жаңа қала» мөлтекауданында білім ошақтарына деген қажеттіліктің жоғары екендігін айғақтаса керек. Айта кетейік, Түркістан облысында алдағы 5 жылда 157 мектеп салынады деген жоспар бар.