Йеменнің Лахдж провинциясында орналасқан Эль-Анад әскери әуе базасына шабуыл жасалды. Салдарынан 30 әскери мерт болды. Сондай-ақ 60 қа жуық кісі түрлі жарақат алған. Йемен әуе күштерінің хабарлауынша, бұл шабуылды көтерілісші хуситтер ұйымдастырған. Айта кетсек, Эль-Анад базасы елдің уақытша астанасы боп саналатын Аден портты қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан. Жергілікті ақпарат көздері шабуылға пилотсыз ұшақтар мен баллистикалық зымырандар қолданылғанын айтады. Құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Сол себепті құрбандар саны артуы мүмкін.