«Семей-орманы» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы өртке байланысты осы уақытқа дейін 150-ге жуық тұрғын эвакуацияланды. Абай облысы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, олар Семей қаласында жабдықталған үш эвакуациялық пункте орналастырылған. Қалада барлығы 9 эвакуациялық пункт жабдықталған, олар қажет болған жағдайда 800-ге жуық адамды қабылдауға дайын. Қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындар азық-түлікпен және бірінші кезекте қажетті заттармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар табиғи апат аймағында қалған адамдар өрт болған жерде әкімдік волонтерлермен бірлесіп тұрғындарға жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіп жатқанын айтуда. Ал журналист Азамат Қасымның айтуынша, алапат орман өрті қаупінен эвакуацияланған ауыл тұрғындарының үйлері мен жеке мүлкі полицейлердің қарауында.