Түркістандағы «Фараб» кітапханасында балаларды қорғау күніне орай «Бал таңдай» өнер фестивалі өтті. Оған облыстағы барлық аудан, қалалардан іріктелініп алынған жас талант иелері қатысып, бақ сынады. Байқау үш бағытта, атап айтқанда «Кел, билейік!» би өнері, «Менің туған жерім» жас суретшілер және эстрадалық ән айту жанрлары бойынша болды. Өнер додасында мәдениет майталмандары мен кәсіби орындаушылар қазылық етті. Олардың шешімімен «Менің туған жерім» жас суретшілер байқауы бойынша Жұмабек Адинаға бас жүлде бұйырды. Ал «Кел, билейік!» би байқауы бойынша бас жүлдені «Таң нұры» би тобы жеңіп алды. Сондай-ақ, эстрадалық ән айту бойынша қазығұрттық Сұлтан Айтжан бас жүлде иегері атанды. Фестиваль барысында олардың жетекшілеріне шеберлік сағаттары өткізіліп, барлық бүлдіршінге мерекеге орай тәттілер таратылды.