Жыл сайын туристерді алдап, жеңіл ақша табу әдетке айналған. Күні кеше Алматыда такси жүргізушісі 15 минуттық жерге апарғаны үшін туристердің 355 мың теңгесін қағып алған. Алғашында, ол Үндістаннан келген азаматтарды «қонақ үйге дейін мың теңгеге апарып тастаймын» деген. Алайда межелі жерге жеткенде 1 180 АҚШ долларын талап еткен, бермеген жағдайда «сөмкелерді қайтармаймын» деп қоқан-лоқы көрсеткен. Нәтижесінде, шетелдіктер жүргізушіге сұраған ақшасын беруге мәжбүр болған. Үнді азаматтары бұл дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасына шағым түсірген. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 194-бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді.