Абай облысында екі күннен бері өрт өршіп тұр. Қазір Бородулиха ауданында 300-ге жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. Аудан әкімдігінің хабарлауынша, елді мекен халқының көпшілігі өз көлігімен кетіп қалған. Ал, қарағайлы орман алқабындағы қызыл жалынды сөндіру әлі жалғасып жатыр. Жергілікті билік әзірге қауіп жоқ екенін айтады. Дегенмен көшемін дегендерге арнайы көліктер дайындап қойған. Айта кетейік, құтқарушылар мен орманшылар кешеден бері қызыл жалынмен арпалысып жатыр. 400-ден астам адам, 100-ге тарта техника мен 2 тікұшақ жұмылдырылды. Бүгін қатты жел болып, өртті сөндіру қиындап кетті. Таңертеңнен бері тікұшақтар көктен 157 тонна су шашқан. Алдын-ала болжам бойынша, 1,5 мың гектарға жуық алқап өртеніп кетті.