Петропавл қаласының әкімі сөгіс алды. Мәселе 7 мамыр күні Қызылжардағы "Береке" ықшам ауданында болған оқиғаға қатысты. Онда қамыстан тұтанған от үш сағат бойы өрт сөндірушілерге бой бермей, 9 үйді жалмап, 11 отбасын панасыз қалдырған болатын. Содан бері істің ақ-қарасын ажыратқан Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров өрттің алдын алмағаны үшін шаһар басшысы Руслан Аңбаевқа сөгіс жариялады. Өңір басшысының айтуынша, биыл қураған шөпті шауып, жою үшін 67 млн теңге бөлінген. Алайда жауапты сала мамандары тиісті жұмыс жүргізбеген. Тұрғындарға келтірілген материалдық шығынның мөлшерін тәуелсіз сарапшылар есептеуде. Зардап шеккендер уақытша панамен қамтамасыз етілді.