«Атырау – Индер» тас жолындағы 70 шақырымдық шұрық-тесік жолды көлік жүргізушілері өздері жөндеді. 50-ден астам жүргізуші ортадан шығарып, 1 млн теңгеге жуық қаржы жинаған. Солайша жылдар бойы жөндеу көрмеген жол бір-ақ күнде жап-жаңа боп шыға келді. Жұмыстың басы-қасында жүргендердің бірі - Әнуарбек Әбішевтің айтуынша, осы жолда қатынайтын да, азабын көретін де өздері. Тіпті трассаның сырын білмейтін кей жүргізушілер осы аралықта қаншама жол-көлік апатының себепкері де болса керек. «Ауызбіршілігіміздің арқасында үкіметке алақан жаймай, қажет жерді жөндеп алдық», - дейді ол ерекше әсермен. Атырау қалалық баспасөз хатшысының мәліметіне сәйкес, қазіргі кезде ауыспалы нысандар бойынша «Атырау-Индер» тас жолының 10 шақырым бөлігі жыл сайынғы қайта жаңарту жұмыстары аясында жөнделуде.