Кентау қаласының экс-әкіміне қатысты тергеу аяқталды. Іс Рашид Аюповтың 2013 жылы Премьер-Министр Кеңсесінің қызметкері кезіндегі атқарған жұмысына қатысты қозғалған. Жемқорлыққа қарсы қызмет оның ірі жекеменшік компания иесін жауапты лауазымды тұлғаларға аса ірі сомада пара беруге көндіргенін анықтаған. Аталған қызметі үшін құрылыс бойынша тендерде жеңісті қамтамасыз етуге уәде берген. Ал талап етілген соманы түгелдей дерлік өзіне қалдырып, бір бөлігіне Астана қаласынан жаңа үй, қымбат автокөлік пен бірнеше жүк техникасын сатып алған. Экс-әкімнің әрекеттері аса ірі көлемде пара беруге итермелеу және алаяқтық ретінде сараланып, тергеу сотының санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдары қабылданған шешімнің заңдылығын тексеру және одан әрі сотқа жолдау үшін Астана қаласының прокуратурасына тапсырылды.