Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Аспан асты елінің алпауыт корпорациялары басшыларымен кездесуде мемлекет басшысы өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты жандандыру қажет екенін айтты. Сондай-ақ KAZ Minerals және NFC компанияларының мыс қорыту зауытын салу жөніндегі бастамасын толық қолдайтынын да білдірді. Егер бұл кәсіпорын іске қосылса, шикізат экспорты азайып, елімізде өндірілетін мыс концентратын түгелдей өзіміз өңдейміз. Президент сөз соңында елімізде инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасалғанын айтты. Ал бүгінгі кездесудің екі елдің сауда-экономикалық серіктестігін нығайта түсетініне сенім білдірді. Жалпы, мемлекет басшысының Қытайға мемлекеттік сапары аясында құны 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды.