Электронды темекіге тыйым салу қажет. Сондай-ақ оларды жарнамалағанды қойып, жауапкершілікті күшейту керек. Мұны бүгін Мәжіліс депутаттары талап етті. Өйткені халық қалаулыларының сөзінше, вейп жастар арасында тез тарап барады. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, соңғы 4 жылда электронды темекі тарту көрсеткіші үш есе өскен. Жыл сайын темекінің кесірінен 18 мың қазақстандық көз жұмады. Осылай деген Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау оқушылар мен жастарға электронды темекілерді, вейптердің сатылмауын талап етті. Оның айтуынша, бұл бағасы 2-3 мың теңгенің айналасында сатылатын табак бұйым әсіресе, жасөспірімдер арасында кең таралып барады.
НҰРГҮЛ ТАУ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
Бүгінде әлемнің 32 елінде вейптерді сатуға тыйым салған. Бұл проблема тек елімізде ғана емес, бүкіл әлемде мәселеге айналған. Мәселен, Аустралияда адамдардың вейп және электронды темекі өнімдерін тұтынуды азайту үшін оған салықты арттыру туралы заң жобасы дайындалып жатыр екен. Нәтижесінде, бағасын көтеру арқылы қолжетімділігін әрі тиімділігін төмендету көзделіп отыр.
МАРК БАТЛЕР АУСТРАЛИЯ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ
Біз халықтың темекі тартуымен ұзақ жылдар күресіп келдік және ол өз жемісін берді. Алайда, вейпке қатысты ешқандай ереже болмады. Әсіресе, 15 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында вейп тарту көрсеткіштері тым көп. Бұл үрдісті тоқтатпасақ, одан да кіші балаларға дейін электронды темекіге әуес болуы ғажап емес. Ал, Ұлыбританияда вейпке тыйым салу өз алдына, оны тегін тарату жоспарланып жатыр екен. Үкімет халықты қарапайым темекіні алмастыру үшін вейп және электронды темекіні тарату туралы жоба әзірленіп жатыр. Одан бөлек, халық темекіден бас тарту үшін ақша беру де көзделіп отыр. Қазір, Ұлыбританиялық ғалымдардың статистикасына сүйенер болсақ, вейп қарапайым темекіден бас тартуға көмектеседі екен. Тағы бір статистикалық мәлімет, мүлдем жаға ұстатады. Оған сәйкес, темекі шегетін жүкті әйелдер қатары артыпты.
ЛИНДА БАУЛД ЭДИНБУРГ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ
Біз жүкті әйелдерге ақша беру және темекіні вейпке алмастыруды тәжірибе ретінде ұйымдастырдық. Бірақ, артынан жалпы, табак өнімдерін тастау керектігі туралы ескерттік. Нәтижесінде, көптеген әйелдер темекі тартуды қойды десек болады. Бұл жақсы ғылыми зерттеу болды. Үкімет, бірден қолдай кетті. Атап өтер жайт, Ұлыбританияда тек темекі тартатын адамдардың денсаулығына үкімет 21 миллиард фунт стерлинг жұмсайды екен. Ал, бүкіл әлемде темекі салдарынан туындайтын аурулардан жылына 8 млн адам көз жұмады. Бұл Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметі.