Қазақстан Тәжікстанның ең маңызды сауда серіктесіне айналмақ. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 40 пайызға өсіп, 500 миллион доллардан асқан. Ал алдағы уақытта бұл көрсеткішті 2 миллиард долларға жеткізу көзделген.Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның елімізге жасаған мемлекеттік сапары аясында 9 құжатқа қол қойылды. Президенттер сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде өзара тауар айналымын арттыруға, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және цифрландыру салаларындағы қатынастарды дамытуға уағдаласты. Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі, әрі бауырлас, жақын мемлекет екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, екіжақты өзара іс-әрекетті нығайту үшін энергетика және машина жасау салаларында зор мүмкіндік бар.