Жол сапасына шамданған ауыл тұрғындары шу шығарды. Бұған дейін «Жыззақ-Гагарин-Жетісай-Қызыләскер-Абай-Сарыағаш-Жібек жолы» трассасына қатысты даулы видео әлеуметтік желіге жарияланған болатын. Ұлттық сапа орталығы мамандары аталған жолды тексеруге барды Тұрғындар көрсеткен жерлерден ондаған сынама алды. Тас жолдың асфальт қабатын арнайы аппаратпен тесіп, алған кесінділердің қалыңдығы талапқа сай боп шыққан. Бірақ жол салушы мердігерге көңілі толмайтын тұрғындар сынамаларды сыртқа лақтырып, біраз қиғылық салған. Оқиға орнына аудандық тұрғын үй шаруашылығы, полиция, тіпті прокуратура өкілдері келіп, тұрғындарға басу айтуына тура келді.