Түркістан
EN

Түркістанда жанармай қоры жеткілікті ме?

93
15.04.2023

Түркістан облысындағы дизель отынының тапшылығына кәсіпкерлердің есепке алу жүйесіне тіркеле алмауы себеп болып отыр. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй  коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы мәлімдеді. Өңірдегі жанармай құю бекеттерінің 60 пайызында дизель отыны жоқ. Атап айтқанда, облыстағы жанармай құю бекеттерінің 78-інде АИ-92 маркалы бензин, 200 бекетте дизель отыны болмай тұр. Олардың басым бөлігі аудандарда орналасқан. Десе де, облыста орналасқан 9 мұнай сақтау қоймаларында АИ-92 маркалы бензиннің 5 күндік қоры, АИ-95 маркалы бензиннің 11 күндік, дизель отынының 8 күндік қоры бар. Алайда, қоймалардағы мұнай өніміне қол жеткізу үшін жанармай құю станцияларына қойылар талап бар көрінеді. Ол үшін кәсіпкер «дизель отынының өнімін есепке алудың ақпараттық жүйесін» орнатуға міндетті. Ал, шағын жанармай бекеттерінде бұл жүйеге тіркелу үшін қаражат жеткіліксіз көрінеді. Салдарынан жергілікті халық дизель отынынан таршылық көріп отыр.