Саурандағы қуғын. Полицейлердің талабына құлақ аспаған жүргізуші 2 сағат бойы ұстатпай, соңында көлігін тастап қашқан. Құқық қорғау қызметкерлері жүргізушіні іздестіріп жатыр. Енді ол 15 күнге қамалып, айыппұл арқалауы мүмкін. Толығырақ Айдос Игіліковтің бейнематериалында. Бұл экшн жанрындағы "Форсаж" немесе "Такси" фильмінің эпизоды емес. Алайда бұл Аша ауылында тапа-тал түсте болған оқиға. Рейдтік шара барысында назарға іліккен көлік жүргізушісі полицейлердің пәрменіне құлақ аспай қашты. Полицейлер көк жигулидің соңынан 2 сағат бойы қуды. Кедір-бұдыр жолмен қашқан жүргізуші егістік алқабына да қараған жоқ. Сайға соғылғанда бірақ тоқтады. Заң алдында жауап бермей сытылып кетуді ойлаған азамат кідірген де жоқ.
Көлігін тастап, ұстатпай кетті. Ал, жолаушы үлгермей қалды. Оқиғаның ізін ала бере, жүгенсіз жүргізушінің әкесі де келді. "Ұлым полицейлерден қорқып кеткен шығар", - деп ақталды. Қазіргі сәтте Сауран аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Ваз 2102 көлігінің жүргізушісін іздестіруде. Темір тұлпар айып тұрағына тоғытылды. Оқиғаның толық нұсқасын "Жедел түсірілім" бағдарламасынан көріңіздер.