Түркістанға ерекше мәртебе беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласына рухани және тарихи елорда мәртебесін беру мәселесін көтерген болатын. Осы бастамаға байланысты атқарылып жатқан жұмыстар Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Жергілікті әкімдік заң жобасына бірқатар ұсыныс енгізген. Оған Түркістанның тарихи келбетін, ескерткіштерін сақтау, халықаралық туризм орталығы ретінде дамыту тармақтары кіреді. Сәулет және қала құрылысы, транспорт және жолдар, туризмді дамыту, абаттандыру мәселелері де қаралған. Мәжілісте құжат жобасы таныстырылып, ұсыныс-пікірлер айтылды. Бұл бағыттағы талқылаулар мен жұмыстар жалғасады.