Түркістан облысының бас дәрігері болып Асхан Мархабайұлы тағайындалды. Ол облыстық қоғамдық денсаулық басқарма басшысы қызметінен басқа жұмысқа ауысуына байланысты өз еркімен босатылған Марат Пашимовтың орнына келді. Асхан Байдуалиев 1972 жылы Кентау қаласында дүниеге келген. Уролог дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі. Еңбек жолын урология және жедел нефрология кафедрасының ассистенті болып бастаған. 2020 жылдан бері Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасын басқарған. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аппарат қызметкерлеріне облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысын таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі. Сонымен қатар басқарманы 3 жылдан бері басқарып келген Марат Пашимовқа құрмет көрсетіп, алғыс айтты.