Елімізде ат спортымен айналысатын нәзік жандылар некен-саяқ. Шардара ауданында тұратын қаршадай қыз ат құлағында еркін ойнайды. Арғымақты өз ырқына көндіру жас қыздың кішкентайынан әдеті. Асауды жуасытып, талай тұлпардың бабан тапқан бойжеткенмен әріптесім Айдана Дүйсенбаева тілдесіп қайтты.
16 жастағы Балнұр жігітке тән өнерге кішкентайынан құмар болып өсіпті. Мектептен келе сала қорадағы жылқыларға қарай асығады. Арғымақтарды баптап, көкпарға ат дайындайды. Ер адамның өзі дауалай бермейтін асау аттардың талайын жуасытқан. Әке-шешесі "қыз балаға тән іс емес", - деп талай қарсылық білдірген. Шабандоз қыздың үйден ұрланып шығып, көкпар шапқан күндері де болыпты.
Балнұр кішкентайынан атқа құмар болды. Аға алдыңызға мінгізіңізші деп солай солай үйренді. Енді бұл қызға сабағыңды оқы ,таста деп жатырмыз. Бірақ бізге шарт қойын отыр. Атқа мінбесем сабақ оқи алмаймын деп. Бізде шарт қойып келістік, атты береміз бірақ грантқа түссің деп.
Балнұрдың табиғаты ерекше. Ауылдастары мінезінің салмақтылығын айтады. Жылқыға деген ерекше махаббатын да ер мінезділігімен байланыстырады. Өзге құрбылары секілді сән қуып, әңгіме дүкен құрғанша ауыл балаларымен атқа қонып қатар шапқанды жөн көреді. Сүйікті жылқысын "Ханторы" деп атапты. Жаны жабырқағанда жақсы көретін атына сырын айтып, жалғыз серуендейді екен. "Жоғары оқу орнына түссем, ауылда қалатын «Ханторымды» қимаймын", - дейді ол.
Аттан ешқашан бас тартқан емеспін. Қанша тепсе де. Бірақ құлаған емеспін. Бұған дейін мені халық "Ақдауыл" деген атыммен танып келді. Енді қазір осы "Ханторыны" мініп жүрмын. Мінезі бәрі ақдауыл сияқты. Атқа мінбесем тұра алмаймын. Ол жанымның бөлшегі.
Балнұрды ауылдастары шабандоз, атбегі деп таниды. Тек аудан ғана емес әлеуметтік желіде де танымал. Ерекше өнеріне ел сүйсініп, алыс-жақын шетелден де оқырмандар жинап үлгерген.
Жылқы жануары өте сезімтал. Мінген адамның мінезі мен болмысын жақсы сезетін көрінеді. "Сондықтан үстінде еркін отырып, тақымды бос ұстап, тізгінді жинасаңыз кез-келген асауды ырқыңызға көндіресіз", -дейді бойжеткен.