Облыс орталығында су құбыры жарылып Түркістандық тұрғындарды түнімен әбігерге салды. Бекзат Саттарханов даңғылы мен 11-ші көше қиылысында су құбырына зақым келіп, салдарынан бірқатар көпқабатты тұрғын үй ауыз судан ажыратылды. Оқиға құрылыс жұмыстары барысында орын алған. Жағдайдан хабардар болған қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков арнайы келіп, ақауды тез арада қалпына келтіру туралы тапсырмалар берді. Нәтижесінде таңға дейін су құбырлары дәнекерленіп, қайта орнатылды. Қазір жөндеу жұмыстары аяқталып, тұрғын үйлерге су қайта берілді.