Әуесқойлар балық аулаудан жарысты. Шардара су қоймасының «Күміс жағажай» демалыс аймағында өткен бұл сайысқа облыстың түкпір-түкпірінен 20 шақты команда қатысып, 70-ке таяу балықшы бақ сынады. Ең қызығы олардың арасында 6 жасар баладан 60-тан асқан қарияға дейін бар. Байқау 2018 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіледі. Екі күнге созылған сайыста жүлделі үшінші орын «Жамағат», екінші орын «Охотники за удачой» командасына бұйырды. Ал бірінші орынға «Абай» ауылдық округінен келген команда ие болды. Олар 48 сағатта 23 келі балық аулады. Сондай ақ, сайыста белсенділік танытқандарға балық аулауға қажетті құралдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.