Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарына журналистерге қарсы қылмыстарды мұқият тергеуді тапсырды. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Жазбада «Қоғамдық қауіпсіздік пен мемлекеттің беделіне нұқсан келтіру үшін жасалған бұл заңсыз әрекеттердің орындаушылары ғана емес, тапсырыс берушілері де анықталуға тиіс», - делінген. Айта кетсек, 14 қаңтарда Алматыда журналист Динара Егеубаеваның көлігі өртенді. Араға бірнеше күн салып, журналист Вадим Борейконың пәтерінің есігін белгісіз біреулер өртемек болған еді.