Елдімекендерді жайылымдық жерлермен қамтамасыз етпейінше мал шаруашылығын дамыту мүмкін емес. Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар аса маңызды мәселе. Бүгін Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов осылай деді. Оның сөзінше, заңсыз берілген, бос жатқан жерлерді қайтарып алу жөніндегі арнайы Комиссия былтырғы сәуір айынан бері жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде өткен жылы мемлекет пайдасына 5,2 млн гектар жер қайтарып алынды. Оның ішінде 4,8 млн гектары – жайылымдық жерлер. Сондай-ақ биыл тағы 5 млн гектар жерді қайтарып алу жоспарлануда екен.