Бала туған әйелдердің зейнеткерлік жасын төмендету қажет. Мәселен, әр баланы дүниеге әкелгені үшін зейнетке 2 жыл ерте шығуға мүмкіндік беру керек. Осылайша, 3 бала туған әйел зейнетке 6 жыл ерте шыға алады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов айтты. Үкіметке ұсынысында ол елде әйелдердің зейнеткерлік жасын төмендетудің жолдарын қарастыру керек екендігін жеткізді. Себебі қазіргі заңнама бойынша тек 5 және одан көп бала туған әйелдер ғана 53 жасында зейнетке шығады. Депутат, сондай-ақ, бала күтімімен үйде отыруға мәжбүр аналар уақытша жұмыссыз қалып, кәсіби қабілеттілігін төмендететініне назар аударды.